Новости

октября, 26

Әлеуметтік серіктестік – қоғамды дамытушы күш

 

Бақытнұр ОТАРБАЕВА, саясаттану ғылымының докторы, Алматы менеджмент университетінің профессоры, ҮЕҰ сараптама орталығының директоры.
Елбасының бастамасымен тәуелсіз елімізде Азаматтық форум өткізіліп, ұлттық деңгейде ең алғаш рет мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты пікір алмасу мен өзара ықпалдасып қызмет жасаудың берік негізі қаланғаны есімізде. Дәл сол кезеңнен бастап, Қазақстанда ҮЕҰ қызметін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды нормативтік құқықтық құжаттар қабылданып, үкіметтік емес ұйымдар жаңа заман талабына сай тұғырын бекітіп, нығайды.
Елбасының «100 нақты қадам» жос­па­рын­дағы мемлекеттік функциялардың бір­қатарын өзін-өзі басқаратын үкіметтік емес ұйымдарға беру туралы тапсырмасы уа­қыт тынысын дөп басқан аса маңызды қа­дам болып табылады.Ұсынылған жаңа ре­формада алдыңғы қатарлы дамыған ел­дердегі әртүрлі саладағы мониторинг жүр­гізу, тіркеу, аккредиттеу, лицензия беру сияқ­ты қызмет түрлері үкіметтік емес сек­тор­ға бергендігімен байланыстырылады. Бұл үрдіс біздің елімізде де соңғы жылдары біртіндеп қарқын ала бастағандықтан, мемлекет басшысының жаңа тапсырмасы ендігі жерде осы саланың одан әрі дамуына тың серпін берері анық.
Қазіргі күнде Қазақстан аумағында­ ша­мамен 18 мыңға жуық ҮЕҰ әртүрлі әлеумет­тік мәселелерді шешуге, адамдарға құқық­тық көмек көрсетуге, жастар арасында ағар­тушылық жүргізуге, салауатты өмір сал­тын дәріптеуге, қоршаған ортаны қор­ғауға, білім мен тәрбие беру ісін реттеу сияқ­ты көптеген салаларға қатысып отыр.Мәселен, өткен жылы бір ғана Алматының өзінде 5 мыңға жуық, Астанада 2,5 мыңнан аса ҮЕҰ тіркелген екен.Осы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара ынтымақтастығын қала әкімдігінің жанында құрылған қоғамдық кеңес үйлес­тіріп отырады.
Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі жекелеген белсенді азамат­тар­дың өз ынтасымен құрылғанын атай кеткен жөн. Олардың негізгі мақсаты – өмірде орын алып жатқан белгілі бір әлеуметтік қиын­дықтарды шешу барысында қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдауды барынша күшейту. Соның ішінде мүмкіндігі шек­теулі жандар мен зейнеткерлерге жәрдем­десу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, туған халқымыздың және еліміз­дегі басқа да этнос өкілдерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының сақталуын қам­та­масыз ету, азаматтардың көңіл күйлерін зерт­теу, әйелдердің көшбасшылық мек­те­бін дамыту, көпшілік санасына эколо­гия­лық тәрбиені сіңіру және жастар тәрбиесін ны­ғайту сияқты сан-салалы міндеттер бар. Көзге көрінбейтін бұл қиын мәселелердің бір­қатары мемлекеттік емес ұйымдардың белсенділігі нәтижесінде ойдағыдай ше­шіліп те жатыр.
Осы орайда Парламентте жалпы жұрт игі­лігі үшін пайдалы іс атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдау және оң­тайландыру үшін бірқатар заңға өз­герістер енгізу талпынысы қоғамды қуан­тып отыр. Соңғы кездері үкіметтік емес ұйым­­дардың атқаратын және көрсететін қызметтерінің түрлері кеңейтіліп, белгілі бір салаға кәсіби мамандану шеңбері артып келе жатқаны байқалады. Соның қата­рында қоғамдық қор, корпоративтi қор сияқты коммерциялық емес ұйымдардың түрлері де дамып келеді. Жалпы, коммер­ция­лық емес ұйымдардың 80%-ынан аста­мы қоғамдық бірлестіктер немесе қоғамдық қор­лар болып отыр. Мысал ретінде, Ор­та­лық Азия Евразия қорының қызмет ая­сы­ның кеңейгенін және осы салада үлкен тәжірибе жинақтағанын айтар едім.
2005 жылдан бастап әлеуметтік серік­тестер жүйесіне енген ОАЕ қоры елдегі азаматтық және әлеуметтік-экономикалық дамуға өз үлестерін қоса отырып, жергілікті ұйымдардың жүйесін нығайуға, қарапайым адамдардың өз болашағын қалыптастыру­дағы рөлін көтеруде қоғамдық және жеке ре­сурстарды үйлестіре білді. 2012 жылы осы қордың қолға алуымен «ҮЕҰ секто­рын­­дағы сарапшылар әлеуетінің даму бас­та­масы» атты жобасы жүзеге асырылып, қоғам өміріндегі тың жаңалық ретінде қа­былданды. Аталмыш жобаға Қазақ­стан­дағы өзінің әлеуметтік стратегиясы ая­сын­да «Шеврон» компаниясы тарапынан қол­дау көрсетілді.
Енді бұл жобаның басты мақсатына тоқ­талсақ, ол – азаматтарға кәсіби сапалы қыз­мет көрсету және қоғам мүдделерін қор­ғау аясында азаматтық сектор әлеуе­тін нығайту. Одан бөлек серіктес ретінде бі­рі­гіп жұмыс істеу үшін бұл жобаға қазақ­стандық жоғары оқу орнының біреуін тарту көзделді. Бұл ретте профессорлары мен оқы­­тушылары білім берумен қатар, өз шә­кірттерімен бірігіп, әлеуметтік даму жә­не ғылым бағытында маңызды жобаларды жүзеге асырып жүрген Алматы менеджмент университеті таңдалды. Соның нәтиже­сінде, университет жанынан зияткерлік және материалды ресурстарды біріктіре отырып, үкіметтік емес ұйымдардың инс­титуционалдық даму саласындағы зама­науи білімін арттыруды, жинақтауды және әрі қарай дамытуды ұсынатын ҮЕҰ Са­раптама орталығы құрылды.
Бұдан басқа осы оқу жылын­да «Шев­рон» компаниясының көмегімен Алматы менеджмент университеті еліміздегі жо­ғары оқу орындары арасында алғаш рет «Коммерциялық емес ұйымдардың менед­жменті» атты мамандық бойынша Іскерлік әкімшілік жобасын енгізді. Яғни, нарық­тағы сұраныс негізінде болашақта ҮЕҰ са­ласында кәсіби мамандар даярланып шы­ғатын болады. Бұл бастама да Елба­сының ұсынып отырған жоғары деңгейдегі бәсекеге түсе алатын кәсіби мамандарды даярлау саясатына сай келеді.
Сонымен қатар ҮЕҰ өкілдері үшін өз бі­лімдерін толықтыруға көмектесетін, қыс­қа уақытта ақпараттық алаң ретінде кеңі­нен танылған www.ngoexpert.kz сайты іске қо­сылды.Коммерциялық емес секторға лайық­ты, қаражат үнемделетін, ұйым­дастыру жағынан көп уақытты алмайтын әрі кең ауқымды аудиторияны қамтитын вебинарлар жобасы бастау алды.
Әрине, әр жұмыстың әлсіз тұстары бо­лады. Мысалы, біздің салада қазақша стан­дарт­талған азаматтық лексиканың тап­шы­лы­ғы айқын сезіледі. Сол се­беп­тен, Са­­рап­тама орталығында ҮЕҰ жаттық­тыру­шылары үшін қазақша-орысша тер­мин­дердің сөздігін құрастыру жөнінде шешім қа­былданды. Оның мақсаты – коммерция­лық емес секторда қолданылатын термино­логияны қазақ тіліне бейімдеу. Сөздікті құрастырған жаттықтырушылар қолданыс­тағы барлық терминдерді бірізге түсіріп, маңызды көрнекі құрал жасап шықты. Соның нәтижесінде қолданысқа енгізілген мемлекеттік тілдегі ҮЕҰ-лармен әріптестік қарым-қатынасты дамыту құралы – осы жо­баның басты құндылығы болып та­бы­лады. Алматыда және өзге өңірлерде қазақ тілінде 6 рет тренинг өткізілді. 130 адам қатысқан осы тренинг ақысыз негізде өткізілгендігін, жаттықтырушылардың тың­дау­шылар қойған барлық сауалдарды қанағаттандырғанын атап өтуге болады.
Қызығушы жұрттың тілегін қанағат­тан­дыру мақсатында Алматыда «Әлеумет­тік мәселелерді шешуде бизнес пен ҮЕҰ-ның серіктестігі» атты халықаралық кон­­­фе­ренция ұйымдастырылды. Бұл жиын­да ҮЕҰ мен бизнестің өзара тиімді жұмысы дамуы­ның тұрақты механизмдері қарас­ты­рылды, коммерциялық емес және биз­нес сектор ара­сындағы серіктестікті дамыту, одан әрі жақсарту мәселелері талқыланып, ұсы­ныстар дайындалды. Сонымен бірге әлеу­меттік серіктестік идеясын жүзеге асыру­дағы мемлекеттің рөлі, биліктің биз­нестік әлеуметтік жауапкершілігі тілге тиек етілді. Соның нәтижесінде бизнес-құры­лым­дар­мен серіктестік қарым-қатынас орнатудағы жазбаша нұсқаулық­тар­ жа­салып, баянда­малар жинағы жарыққа шықты.
Біз бұл мәселені бекер қозғап отырған жоқ­пыз. Қазіргі таңда Қазақстанда бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы се­ріктестік қарым-қатынас жаңа деңгейге кө­терілді. Сондай-ақ коммерциялық үкі­меттік емес ұйымдардың әлеуметтік мә­селелерді шешудегі әрекеті сұранысқа ие болып отыр. Яғни, бүгінде бизнестік қауым мемлекеттік тұрғыда кеңінен ойласты­рыл­ған және әлеуметтік бағыттағы жұ­мыстарға көңіл аударып қана қоймай, өзара серіктес қарым-қатынас құруда жеке, тәжірибесі мол ҮЕҰ-мен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп отыр. Осының өзі екі жаққа да тиімді серіктестіктің әлеуметтік мәсел­елер­ді шешудегі рөлін көтеру және инно­вация­лық әдіс-тәсілдерді енгізу бағытындағы қыз­метін күшейтеді.
Түйіндеп айтқанда, үкіметтік емес ұйым­дардың демократиялық үрдістерге сай бел­сенділігін арттыру мәселесі – тұтас қо­ғам үшін пайдалы дегіміз келеді.

Поделиться: