Әлеуметтік серіктестік – қоғамды дамытушы күш
Әлеуметтік серіктестік – қоғамды дамытушы күш
Бақытнұр ОТАРБАЕВА, саясаттану ғылымының докторы, Алматы менеджмент университетінің профессоры, ҮЕҰ сараптама орталығының директоры:
Елбасының бастамасымен тәуелсіз елімізде Азаматтық форум өткізіліп, ұлттық деңгейде ең алғаш рет мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тұрақты пікір алмасу мен өзара ықпалдасып қызмет жасаудың берік негізі қаланғаны есімізде. Дәл сол кезеңнен бастап, Қазақстанда ҮЕҰ қызметін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды нормативтік құқықтық құжаттар қабылданып, үкіметтік емес ұйымдар жаңа заман талабына сай тұғырын бекітіп, нығайды.
Елбасының «100 нақты қадам» жоспарындағы мемлекеттік функциялардың бірқатарын өзін-өзі басқаратын үкіметтік емес ұйымдарға беру туралы тапсырмасы уақыт тынысын дөп басқан аса маңызды қадам болып табылады.Ұсынылған жаңа реформада алдыңғы қатарлы дамыған елдердегі әртүрлі саладағы мониторинг жүргізу, тіркеу, аккредиттеу, лицензия беру сияқты қызмет түрлері үкіметтік емес секторға бергендігімен байланыстырылады. Бұл үрдіс біздің елімізде де соңғы жылдары біртіндеп қарқын ала бастағандықтан, мемлекет басшысының жаңа тапсырмасы ендігі жерде осы саланың одан әрі дамуына тың серпін берері анық.
Қазіргі күнде Қазақстан аумағында шамамен 18 мыңға жуық ҮЕҰ әртүрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге, адамдарға құқықтық көмек көрсетуге, жастар арасында ағартушылық жүргізуге, салауатты өмір салтын дәріптеуге, қоршаған ортаны қорғауға, білім мен тәрбие беру ісін реттеу сияқты көптеген салаларға қатысып отыр.Мәселен, өткен жылы бір ғана Алматының өзінде 5 мыңға жуық, Астанада 2,5 мыңнан аса ҮЕҰ тіркелген екен.Осы үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара ынтымақтастығын қала әкімдігінің жанында құрылған қоғамдық кеңес үйлестіріп отырады.
Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың басым бөлігі жекелеген белсенді азаматтардың өз ынтасымен құрылғанын атай кеткен жөн. Олардың негізгі мақсаты – өмірде орын алып жатқан белгілі бір әлеуметтік қиындықтарды шешу барысында қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдауды барынша күшейту. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге жәрдемдесу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, туған халқымыздың және еліміздегі басқа да этнос өкілдерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының сақталуын қамтамасыз ету, азаматтардың көңіл күйлерін зерттеу, әйелдердің көшбасшылық мектебін дамыту, көпшілік санасына экологиялық тәрбиені сіңіру және жастар тәрбиесін нығайту сияқты сан-салалы міндеттер бар. Көзге көрінбейтін бұл қиын мәселелердің бірқатары мемлекеттік емес ұйымдардың белсенділігі нәтижесінде ойдағыдай шешіліп те жатыр.
Осы орайда Парламентте жалпы жұрт игілігі үшін пайдалы іс атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын қолдау және оңтайландыру үшін бірқатар заңға өзгерістер енгізу талпынысы қоғамды қуантып отыр. Соңғы кездері үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын және көрсететін қызметтерінің түрлері кеңейтіліп, белгілі бір салаға кәсіби мамандану шеңбері артып келе жатқаны байқалады. Соның қатарында қоғамдық қор, корпоративтi қор сияқты коммерциялық емес ұйымдардың түрлері де дамып келеді. Жалпы, коммерциялық емес ұйымдардың 80%-ынан астамы қоғамдық бірлестіктер немесе қоғамдық қорлар болып отыр. Мысал ретінде, Орталық Азия Евразия қорының қызмет аясының кеңейгенін және осы салада үлкен тәжірибе жинақтағанын айтар едім.
2005 жылдан бастап әлеуметтік серіктестер жүйесіне енген ОАЕ қоры елдегі азаматтық және әлеуметтік-экономикалық дамуға өз үлестерін қоса отырып, жергілікті ұйымдардың жүйесін нығайуға, қарапайым адамдардың өз болашағын қалыптастырудағы рөлін көтеруде қоғамдық және жеке ресурстарды үйлестіре білді. 2012 жылы осы қордың қолға алуымен «ҮЕҰ секторындағы сарапшылар әлеуетінің даму бастамасы» атты жобасы жүзеге асырылып, қоғам өміріндегі тың жаңалық ретінде қабылданды. Аталмыш жобаға Қазақстандағы өзінің әлеуметтік стратегиясы аясында «Шеврон» компаниясы тарапынан қолдау көрсетілді.
Енді бұл жобаның басты мақсатына тоқталсақ, ол – азаматтарға кәсіби сапалы қызмет көрсету және қоғам мүдделерін қорғау аясында азаматтық сектор әлеуетін нығайту. Одан бөлек серіктес ретінде бірігіп жұмыс істеу үшін бұл жобаға қазақстандық жоғары оқу орнының біреуін тарту көзделді. Бұл ретте профессорлары мен оқытушылары білім берумен қатар, өз шәкірттерімен бірігіп, әлеуметтік даму және ғылым бағытында маңызды жобаларды жүзеге асырып жүрген Алматы менеджмент университеті таңдалды. Соның нәтижесінде, университет жанынан зияткерлік және материалды ресурстарды біріктіре отырып, үкіметтік емес ұйымдардың институционалдық даму саласындағы заманауи білімін арттыруды, жинақтауды және әрі қарай дамытуды ұсынатын ҮЕҰ Сараптама орталығы құрылды.
Бұдан басқа осы оқу жылында «Шеврон» компаниясының көмегімен Алматы менеджмент университеті еліміздегі жоғары оқу орындары арасында алғаш рет «Коммерциялық емес ұйымдардың менеджменті» атты мамандық бойынша Іскерлік әкімшілік жобасын енгізді. Яғни, нарықтағы сұраныс негізінде болашақта ҮЕҰ саласында кәсіби мамандар даярланып шығатын болады. Бұл бастама да Елбасының ұсынып отырған жоғары деңгейдегі бәсекеге түсе алатын кәсіби мамандарды даярлау саясатына сай келеді.
Сонымен қатар ҮЕҰ өкілдері үшін өз білімдерін толықтыруға көмектесетін, қысқа уақытта ақпараттық алаң ретінде кеңінен танылғанwww.ngoexpert.kz сайты іске қосылды.Коммерциялық емес секторға лайықты, қаражат үнемделетін, ұйымдастыру жағынан көп уақытты алмайтын әрі кең ауқымды аудиторияны қамтитын вебинарлар жобасы бастау алды.
Әрине, әр жұмыстың әлсіз тұстары болады. Мысалы, біздің салада қазақша стандартталған азаматтық лексиканың тапшылығы айқын сезіледі. Сол себептен, Сараптама орталығында ҮЕҰ жаттықтырушылары үшін қазақша-орысша терминдердің сөздігін құрастыру жөнінде шешім қабылданды. Оның мақсаты – коммерциялық емес секторда қолданылатын терминологияны қазақ тіліне бейімдеу. Сөздікті құрастырған жаттықтырушылар қолданыстағы барлық терминдерді бірізге түсіріп, маңызды көрнекі құрал жасап шықты. Соның нәтижесінде қолданысқа енгізілген мемлекеттік тілдегі ҮЕҰ-лармен әріптестік қарым-қатынасты дамыту құралы – осы жобаның басты құндылығы болып табылады. Алматыда және өзге өңірлерде қазақ тілінде 6 рет тренинг өткізілді. 130 адам қатысқан осы тренинг ақысыз негізде өткізілгендігін, жаттықтырушылардың тыңдаушылар қойған барлық сауалдарды қанағаттандырғанын атап өтуге болады.
Қызығушы жұрттың тілегін қанағаттандыру мақсатында Алматыда «Әлеуметтік мәселелерді шешуде бизнес пен ҮЕҰ-ның серіктестігі» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды. Бұл жиында ҮЕҰ мен бизнестің өзара тиімді жұмысы дамуының тұрақты механизмдері қарастырылды, коммерциялық емес және бизнес сектор арасындағы серіктестікті дамыту, одан әрі жақсарту мәселелері талқыланып, ұсыныстар дайындалды. Сонымен бірге әлеуметтік серіктестік идеясын жүзеге асырудағы мемлекеттің рөлі, биліктің бизнестік әлеуметтік жауапкершілігі тілге тиек етілді. Соның нәтижесінде бизнес-құрылымдармен серіктестік қарым-қатынас орнатудағы жазбаша нұсқаулықтар жасалып, баяндамалар жинағы жарыққа шықты.
Біз бұл мәселені бекер қозғап отырған жоқпыз. Қазіргі таңда Қазақстанда бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестік қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Сондай-ақ коммерциялық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі әрекеті сұранысқа ие болып отыр. Яғни, бүгінде бизнестік қауым мемлекеттік тұрғыда кеңінен ойластырылған және әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға көңіл аударып қана қоймай, өзара серіктес қарым-қатынас құруда жеке, тәжірибесі мол ҮЕҰ-мен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп отыр. Осының өзі екі жаққа да тиімді серіктестіктің әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөлін көтеру және инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу бағытындағы қызметін күшейтеді.
Түйіндеп айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың демократиялық үрдістерге сай белсенділігін арттыру мәселесі – тұтас қоғам үшін пайдалы дегіміз келеді.